ҚАЗАҚ және ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ АНТРОПОНИМДЕРДІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Аннотация
Мақала қазіргі қазақ және түрік тілдерінің антропонимикасын
зерттеуге арналған. Авторлар қазақ тіл білімінде антропонимдердің
зерттелуіндегі лексикалық сипаттардың мол назарға алынғандығын
негіз етеді. Адам аттарының лексикалық мағынасы, этимологиясы,
лингвомәдени жүйедегі түрлі аспектідегі зерттелуі морфологиялық
құрылымдарын анықтаудағы алғышарттар ретінде алынады.
Антропонимдердің лексика-семантикалық мағынасының жан-жақты
қарастырылуы нысанаға алынып отырып, саланың басты шарты
деп белгіленеді. Қазақ және түрік тілдерінің туыстық, тектік
бірліктері де антропонимдерді зерделеуде ортақ тарихи кезеңдерге
назар аударуды қажет етеді. Сондықтан да қазақ және түрік
тілдеріндегі антропонимдерді зерттеуде тарихи кезеңдерге жіктеу,
топтау жүйесі де негізге алынады. Бұл ретте, авторлар, профессор
Т. Жанұзақовтың тарихи кезеңдерге бөлген жіктеуін негізге алуды
қажет деп санайды.
Тілдегі лексикалық мағына арқылы морфологиялық белгілер
анықталады. Морфологиялық құрылым сипаттары тілдегі түпкі
сөз мағынасын негізге ала отырып анықталатын болғандықтан да
адам аттарының лексикалық мағыналары арқылы морфологиялық
құрылымдары ашылады. Қазіргі қазақ және түрік тілдеріндегі
антропонимдердің морфологиялық белгілерін зерттеу кезінде
авторлар назар салған тұстардың бірі тілдік материалдың
семантикалық тұтастық заңдылықтары мен ережелеріне бағынуы.
Бұл өз кезегінде, адам атауларының лексика-семантикалық
сипаттарының грамматиканың ішкі қағидаларымен сабақтасуы
арқылы жүзеге асады. Тілдегі морфологиялық заңдылықтардың өзі
лексикалық мағынаны негізге алады. Мақала авторлары сол себепті де,сөздің морфологиялық белгісін анықтаудағы немесе сөздерді тапқа
жіктеудегі басты ұстанымның – лексика-семантикалық ұстанымға
бағынатындығын негіз етеді.
Мақала авторлары адам аттарының морфологиялық құрылымын
анықтауда антропонимдердің морфемалық құрамына назар
салумен бірге, сөз табы ретіндегі қызметтерін де қарастырудың
қажеттігін ескереді. Тіл тарихы сөз таптарының антропонимдер
жасауға қатыстылығынан мол деректер береді. Бұл бүгінгі тілдегі
морфологиялық құрылым заңдылықтарын анықтауға көмектесері
белгілі. Адам аттарының морфологияда жалқы есімдер тобындағы
орын, сөз түрлері, жалаң (дара), туынды, күрделі сөз жасаудағы
қызметтері де морфологиялық құрылымды зерттеу үшін анықталуы
қажеттігін назарға ұстайды.
Тілдегі антропонимдердің, соның ішінде қазақ және түрік
тілдеріндегі антропонимдердің морфологиялық құрылымын анықтау
– тілдің туыстығын, мағыналық бірліктерінің өзара сабақтастығын
форма арқылы да дәлелдеу. Бұл тұрғыда антропонимдер туралы
зерттеуде морфологиялық құрылымды анықтау, тілдік талдау
жасаудың қажеттігінің өзекті екендігін анық.
Автор
М. С. Мнайдарова, Г. Ә. Сәрсеке
DOI
https://doi.org/10.48081/GJQL9184
Ключевые слова
антропонимдер, лексика-семантикалық мағына, морфологиялық құрылым, қазақ және түрік тілдері, түбір.
Год
2021
Номер
Выпуск 3